Төрт әйелді саудагер
Ертеде төрт әйелі бар саудагер болыпты. Төртінші әйелін басқаларынан артық жақсы көріпті. Оған өте жұмсақ қарым-қатынас жасап, әрдайым қымбат киімдер сатып әпереді екен. Бар зейінін соған аударып, сыйлықтың ең жақсысын таңдап әкелетін болыпты.
Екінші әйелін де жақсы көріпті. Оны әрдайым мақтаныш тұтып, достарының алдында онымен масаттанады екен. Бірақ осы әйелі оны тастап, басқа біреуге кетіп қала ма деп қатты қорқады екен.
Үшінші әйелін де жек көрмейді екен. Ол әйелі өте ақылды, сабырлы әрі қаттырақ сенетін нақсүйері болған екен. Қиындықтарға ұрынса әрдайым осы әйелінен қолдау табатын. Ауыр кезеңдерден қиналмай өтуіне аянбай жәрдем көрсететін.
Ал алғашқы әйелі күйеуіне нағыз берілген жан екен. Жарының кәсібін айналдырып, үй тіршілігіне де пысық болыпты. Алайда күйеуі оны жақсы көрмейді екен. Әйелі оны қанша қатты жақсы көріп, шын беріле сүйгеніне қарамастан күйеуі оны мүлде көзге ілмепті.
Күндердің бір күнінде саудагер төсек тартып, ауырып қалады. Сырқаты асқынып, ақыры дүниеден өтетініне көзі жетеді. Өткен өмірін көз алдынан өткізіп: «Мына жарық дүниеде менің төрт әйелім болды. Өлсем жалғыз қаламын. Жалғыздығым қаншалықты ұзақ уақытқа созылады?» - деп уайымдапты. Сол себептен бірден төртінші әйелін шақырып: «Сені бәрінен артық жақсы көрдім. Есіл-дертім сен болдың. Міне, қазір ана дүниеге аттанып барамын. Менімен бірге барасың ба? Қасыма серік болшы!» - дейді. Төртінші әйел: «Жоқ, мүмкін емес. Бара алмаймын» - деп, бірден кесіп айтады. Саудагер жүрегіне біреу пышақ сұққандай жаман әсер алады.
Сосын ол үшінші әйеліне өтінеді. Ол да: «Жоқ!» - дейді бірден кесіп айтып. «Осында қаламын. Мұнда өмір әдемі әрі тәтті. Сен өлсең басқа біреуге тұрмысқа шығамын» - дейді. Мұны естіген саудагер қарс ұрып, жүрегі жарылып кете жаздайды.
Сосын екінші әйеліне: «Сен маған өмір бойы сүйеу болдың. Жәрдеміңді аямадың. Енді соңғы рет көмек көрсетші. Менімен бірге арғы дүниеге барасың ба?» - дейді өтіне. «Кешіріңіз!» - дейді ол да. «Бұл жолғы өтінішіңізді орындай алмаймын. Тек қолымнан бар келетіні арулап ақтық сапарға шығарып салу ғана» - дейді.
Екінші әйелінің сөзі үстінен жәй түскендей әсер қалдырып, соңғы үмітін үзіп кеткендей болды. Осындай ауыр сәтті басынан кешіп жатқанда дәл құлақ түбінен: «Сізбен бірге мен барайын. Қайда барсаңыз да қасыңыздан табыламын» - деген әлсіз дауыс естиді. Саудагер басын бұрып қараса бәйбішесі екен. Мынадай сын сағатта ол әйелі мүлдем есіне де түспепті. Көзіне өте арық, азып-тозып, әбден жүдеген адам секілді көрінді. Бәйбішесінің сөзіне разы болып әрі таң-тамаша болған саудагер артынша: «Әттеген-ай! Сау кезімде саған жақсылап көңіл бөлсемші!» - деп бармағын тістеген екен.
Шын мәнінде бұл өмірде әрқайсысымызда төрт әйелден бар.
Төртінші әйеліміз – денеміз. Барынша әдемі көрінуі үшін күш-жігеріміз бен уақытымызды соған жұмсаймыз. Соған қарамай ақтық сапарға бірге шықпай қалып қояды.
Үшінші әйеліміз – байлығымыз, мал-дүниеміз. Қанша жақсы көрсек те, өлер кезде ол да қалып, өзгенің қолына көшеді.
Екінші әйел – жанұя, дос-жарандар. Бізге қанша жақын болып, жанашырлық танытса да қабір есігіне дейін ғана шығарып сала алады.
Ал бірінші әйел – ол жанымыз. Әрдайым қызылды-жасылды дүние, байлаусыз билік, пәтуәсіз құмарлықтың артынан жүгіріп оны ұмыт қалдырамыз. Не қылсақ те жанымыз бізбен бірге. Қайда барып, қайда жатсақ та қасымыздан табылатын жалғыз жанашыр. Өлім сәтінде өкінішке ұрынбас үшін қазірден жанымызды байытып, иманымызды күшейткеніміз жөн болар.